Қазақстанда өндірістік жарақаттану 13% - ға төмендеді

Ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша республика кәсіпорындарында 757 жазатайым оқиға орын алды, нәтижесінде 848 адам зардап шекті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 13% – ға төмен (2018 жылдың 8 айында – 975 адам), оның ішінде – 95 адам қаза тапты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 28% - ға төмен (2018 жылы-133 адам).

Бұл ретте жарақаттанудың өсуі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Жамбыл, Ақтөбе, Ақмола, Алматы облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалады. Павлодар облысында өлім-жітім жағдайларының саны артты.

2019 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша экономика салалары бойынша зардап шеккендердің ең көбі тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарында байқалады  – 96 адам немесе 15% және құрылыс саласында – 65 адам немесе 10%.

Кейбір кәсіпорындарда екі және одан да көп жазатайым оқиғалары орын алғандығын айта кету керек: («АрселорМиттал Теміртау» АҚ – 20, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС – 11 (Қарағанды облысы), «Казцинк» ЖШС – 15, «Шығыстүстімет» ЖШС – 6 (ШҚО), «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС – 3, «Алюминий Казахстана» АҚ – 2 (Павлодар облысы), «ССКӨБ» АҚ - 4, «Баян Сұлу» АҚ - 2 (Қостанай облысы).

«Орын алған жазатайым оқиғалардың негізгі себептері: жұмыс өндірісін қанағаттанғысыз ұйымдастыру, қауіпсіз еңбек тәсілдерін оқытудағы кемшіліктер, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу болып табылады. 2019 жылы 23 мамырда «Астана Су Арнасы» МКК 4 қызметкері метанмен уланып қайтыс болды. Ал 12 маусым күні Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының орталығында екі метр тереңдікте канализациялық құдыққа тазалау жұмыстарын жүргізу кезінде «Зайсан» КМГП-нің үш қызметкерімен жазатайым оқиға орын алды (метанмен уланған), оның біреуі қайтыс болды, ал екеуі аудандық ауруханаға жатқызылды. Аталған кәсіпорындардың басшылары өңірлік үшжақты комиссиялардың отырыстарында тыңдалып, жарақаттанушылыққа жол бермеу бойынша жеке іс – шаралар жоспарын әзірледі», - деп хабарлады Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов.

Оның айтуынша, Қазақстанда зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарының санын азайту мәселесі өзекті болып отыр.

«Статистика жөніндегі уәкілетті органның деректері бойынша, 2018 жылы еңбек жағдайлары бойынша тексерілген кәсіпорындардың 1,6 млн. қызметкердің 373 мыңы немесе әрбір төртіншісі (22,3%) зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыспен істеген. 2018 жылғы аттестаттау нәтижелері бойынша 676 мың қызметкер зиянды еңбек жағдайындағы жұмысы үшін әр түрлі өтемақы алды. Бұл үшін жұмыс берушілерге 116,3 млрд. теңге бөлінді, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 8% -ға көп », – деді Оспанқұлов.

2018 жылдың қортындысы бойынша техникалық инспекторлар еңбек жағдайына 70 735 тексеру жүргізді, оның барысында 126 737 ескерту анықталды және жойылды. Республика кәсіпорындарында 14 792 өндірістік кеңес құрылып, жұмыс істеп жатыр.

Жалпы, мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер тарапынан қабылданған еңбекті қорғау саласындағы кешенді шаралар өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша оң динамиканы сақтауға мүмкіндік берді.

Қазақ